Цифрлық эфирлiк телехабар таратуға (ЦЭТТ) көшу — «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтiк мемлекеттiк жоба. Оның басты мiндетi — қала мен ауылдың әрбiр тұрғынын отандық телеарналармен тегiн қамтамасыз ету.
Бүгiнгi таңда цифрлық эфирлiк хабар тарату Қазақстан халқының 83 пайызын қамтып үлгердi. 446 радиотелевизиялық станция (РТС) салынып, жаңғыртылды. Цифрлық эфирлiк телехабар тарату желiсiмен қамтылмаған елдi мекендер OTAU TV ұлттық жерсерiктiк телевизиясына қосылады.
Өткен жылдың күзiнде Маңғыстау, Түркiстан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары цифрлық хабар таратуға көшiп, қазiргi кезде отандық арналарды тегiн көруде.
2019 жылдың маусымында жаңа желiге Павлодар, Қостанай және Алматы облыстары көшедi. 2020 жылдың аяғына дейiн Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстары қосылады. Ал Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалалары цифрлық хабар таратуға 2021 жылы өтедi.
Осылайша мемлекет қала мен ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсiздiк проблемасын шешедi.
Демек, бұған дейiн 4-5 қазақстандық телеарна көрiп келген ауыл халқы ендi 15 шақты телеарнаны тамашалайды деген сөз. Ал облыс орталықтары мен оған жақын маңдағы елдi мекендерде дыбыс пен бейненi цифрлық сапада көрсететiн 30 шақты телеарна қолжетiмдi болады.
Бұл үшiн халыққа қымбат тұратын жерсерiктiк «тәрелкелердi» орнатып, абоненттiк төлем төлеу қажет болмайды. Әркiм өз теледидарын қарапайым дециметрлiк антенна мен цифрлық сигнал қабылдайтын жабдықтың (ресивер) көмегiмен цифрлық эфирлiк хабар таратуға қосса, жетiп жатыр.
Қаралым саны: 1153